Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Егде адамдарды тонаған қарақшылық топ ұсталды

Алматы облысының тәртіп сақшылары егде адамдарды тонаған қарақшылық топ мүшесін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері Есік қаласының 84 жастағы тұрғынының үйіне қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ мүшесін құрықтады. Оқиға биыл сәуір айында орын алған. Түн ішінде қарақшылар қариялардың үйінің есігін бұзып кіріп, егде жастағы кейуананы қорқытып, ақша талап еткен. Жымысқы ойлары іске аспаған күдіктілер отағасын соққыға жығып, қолға ілінген құнды заттарын алып, белгісіз бағытта із суытқан.

– Полицияға арыз берген зардап шегушілер үй мүлкінің ұрланғанын хабарлаған. Дегенмен бірнеше күннен кейін денсаулығы нашарлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінген кезде қариялардың үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қайта қаралып, қарақшылық жасау дерегіне өзгертілді. Қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін ең тәжірибелі мамандар есебінен топ құрылды. Қылмысты ашуға бағытталған кеңауқымды іздестіру шаралары барысында із кесушілер қарақшы топ мүшелерін анықтап, олардың біреуін Түркістан облысынан ұстады, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының басшысы Талғат Сейілханов.

Аудандық полиция басшысының айтуынша, 84 жастағы қарияның қарсылық көрсететінін есепке алмаған күдіктілер, оның кеуде тұсына пышақ жарақатын салған. Үй иесінің құлаған сәтіп пайдаланған олар қолға ілінген бағалы заттарды алып кеткен.

– Қылмыстың ашылатынына сенбегендіктен біз полицияға тек ұрлық болды деп хабарладық. Пышақ жарақатын жасырдық. Дегенмен, бірнеше күннен кейін жолдасымның жағдайы нашарлағандықтан ауруханаға бардық және полиция қызметкерлеріне хабар берілді. Тәртіп сақшыларының біліктілігіне дән рнизамын. Қарияларға күш көрсетіп, оларды тонап, өміріне қауіп төндірген топ мүшелерін әшкереледі. Материалдық шығынымызды толығымен өтеп берді. Өзге өңірге барып жасырынған қарақшыны тапқан полицейлер өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Қиын сәтті моральдық көмек беріп, қылмысты ашқан тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз, – деді күдіктілерден зардап шеккен кейуана Сватлана Дубовецкая.

Облыстық ПД баспасөзі таратқан ақпаратқа сәйкес, 1983 жылы туған Түркістан облысының тумасы Сайрам ауданында ұсталып, қарақшылық шабуылға қатысы бар деген күдікпен Еңбекшіқазақ ауданына жеткізілген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті аудандық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тәртіп сақшылары топ мүшелерінің бұдан өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру