Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицияға жалған хабарлама берген әйелге айыппұл салынды

Екібастұзда полицияға жалған хабарлама берген әйелге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz

28 қыркүйекте сағат 21.00 шамасында Екібастұз қаласының полициясына Южный көшесіндегі үйде отбасылық жанжал болып жатыр, ұлы анасын ұрып жатыр деген хабарлама келіп түсті. Үй телефонынан әйел қоңырау шалды.

– Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторлары дереу барды. Есікті ер адам ашты. Сонымен қатар, үйде анасы мен туыстары кешкі ас ішіп отырды. Отбасы мүшелері полицияға қоңырау шалу себебін түсіндіре алмады, тіпті олар полиция шақырғандарын жоққа шығарған. Отбасы мүшелерін тыңдап, бәрін видеожетонға түсіргеннен кейін полиция қызметкерлері қоңырау шалушының телефонына хабарласты. Бұл телефон үй иесіне тиесілі болды, – деді Павлодар облысы ПД Екібастұз қаласы Полиция басқармасы кезекші бөлімінің бастығы Нұрғазы Жәмшитов.

Аталған шақыртудың мән-жайын анықтаған кезде учаскелік полиция инспекторы Талғат Қожамжаров үйде қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттер болмағанын анықтады. Ал 58 жастағы анасы мас күйінде полицияға қоңырау шалып, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді хабарлады.

Осы факті бойынша учаскелік полиция инспекторы 58 жастағы азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК – нің 438-бабы бойынша әкімшілік іс қозғап, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

– Азаматтар өрт сөндірушілер, жедел жәрдем немесе полиция болсын, арнайы қызметтердің уақытылы келуі оларды күткен кез келген адам үшін өте маңызды екенін түсіну қажет. Алайда ойдан шығарылған оқиғаға жалған шақырту, тіпті біреудің өмірін қиюы мүмкін екенін түсінбейтін адамдар бар. Сондықтан біз азаматтардан біздің қызметімізге түсіністікпен қарауды және біздің көмегіміз қажет болған жағдайда полиция шақыруды сұраймыз, – деп атап өтті Нұрғазы Жәмшитов.

Павлодар облысының Полиция департаменті осы жылы осындай жалған шақыртулар үшін жалпы сомасы 2,7 млн теңгеден астам айыппұл салынған 38 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру