Екібастұзда заң талаптарын сақтамаған көлік иесіне шара қолданылды
Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау және жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегін анықтап, оның жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мәліметінше, жүргізуші көлікті белгіленген тәртіпте тіркелмеген конструкциялық өзгерістермен пайдаланған. Тексеру барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерінің талаптары сақталмағаны белгілі болды.
– Нәтижесінде аталған көлік айыптұраққа қойылып, иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді. Ол айыппұл төлеп, анықталған заңбұзушылықтарды жоюы тиіс, – деді Екібастұз қалалық полиция бөлімінің бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Полиция көлік құралдарының конструкциясына енгізілетін кез келген өзгерістер заңнамаға сәйкес алдын ала келісіліп, тиісті түрде тіркелуі қажет екенін еске салады. Бұл талаптарды елемеу айыппұл салумен қатар, көлікті пайдалануға тыйым салуға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көліктерінің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
