Павлодарда полиция жеке құрамымен жалпы гарнизондық нұсқама өткізілді
Павлодарда полиция жеке құрамымен жалпы гарнизондық нұсқама өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауға жеке құрамның дайындығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлерімен жалпы гарнизондық нұсқама өткізілді. Саптық жиынға облыс орталығында күн сайын қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қызметкерлер қатысты: патрульдік полиция батальоны мен ротасы, учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері, арнайы бөлімшелер, кинологтар, тергеушілер мен жедел уәкілдер, сондай-ақ 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері.

Гарнизондық нұсқаманы облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр өткізіп, қызметкерлерге алғыс білдіріп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бойынша негізгі міндеттерді атап өтті.
– Қала мен облыс көшелерінде тұрғындар көп шоғырланады, бұл бізге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде екі есе жауапкершілік жүктейді. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау. Павлодар өңірінде конституциялық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген барлық қызметкерге ерлігі мен табандылығы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әсіресе, туған-туыстарынан жырақта әскери борышын өтеп жүрген әскери қызметшілер мен қызметкерлерге ерекше алғыс айтамын. Жеке құрам Ішкі істер министрі қойған міндеттерді табысты орындауда. Біз алдағы уақытта да бірлесе отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қорғап, “Заң және Тәртіп” қағидатын жүзеге асырамыз, – деді Василий Скляр.
Департамент басқармаларының басшылары өткен тәуліктегі облыс аумағындағы жедел ахуал туралы ақпарат жеткізді. Кезекшілікке шығар алдында патрульдік экипаждарға заң талаптарын қатаң сақтау, қызмет барысында “Заң және тәртіп” қағидатын ұстану және азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасау қажеттігі ескертілді.

Дәстүр бойынша іс-шара салтанатты маршпен аяқталды. Әскери оркестр әуенімен сап түзеген полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер өздерінің тәртібі мен жинақылығын көрсетті. Нұсқама аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіне кірісті.
