Елордада онлайн несие рәсімдеуге қатысты алаяқтықтың үш бірдей ұқсас дерегі тіркелді
Астанада жүргізілген тергеу аясында онлайн несие рәсімдеуге байланысты алаяқтық ісі бойынша дропперлер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада онлайн несие рәсімдеуге қатысты алаяқтықтың үш бірдей ұқсас дерегі тіркелді.
Тергеу барысында анықталғандай, белгісіз тұлғалар өздерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға жалған ақпарат беріп, несие рәсімдеуге көндірген. Жәбірленушілер олардың нұсқауын орындап, банктерден несие рәсімдеп, алынған қаражатты көрсетілген шоттарға аударған.
Белгілі болғандай, бұл шоттар дропперлерге тиесілі болған. Яғни, олар өздерінің банк карталары мен деректемелерін үшінші тұлғалардың пайдалануына беріп, заңсыз қаржылық операцияларға делдал болған. Осылайша қылмыстық жолмен алынған қаражат айналымға түсіп, кейін өзге шоттарға аударылып отырған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері дропперлік қызметке қатысы бар үш күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың қатарында 36 жастағы және екі 18 жастағы азамат бар.
Тергеу барысында күдіктілердің өздерінің банк деректерін үшінші тұлғаларға бергені және ақша аударымдары кезінде делдал ретінде пайдаланылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді ұсынбайтынын ескертеді. Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ешқандай қаржылық операция жасамау қажеттігін қатаң түрде ескертеді.
