Елордада рейдтік іс-шаралар қорытындысы бойынша 2300-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды
Елордада рейдтік іс-шаралар қорытындысы бойынша 2300-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және апаттылық деңгейін төмендетуге бағытталған "Қауіпті жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері Жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтті. Әсіресе барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтауға басымдық берілді. Рейд қорытындысы бойынша 2300-ден астам құқық бұзушылық анықталды.
Олардың ішінде: – шамамен 300 дерек – техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарын басқару; – 240-қа жуық – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу; – 160-тан астам – көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану; – 44 дерек – жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару; – 6 дерек – көлік басқару құқығынан айырылған тұлғалардың рөлге отыруы; – 20-ға жуық – қарсы қозғалыс жолағына шығу; – 80-нен астам – тыйым салынған бағдаршам сигналына өту; – 100-ден астам – мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын немесе сәйкес келмейтін көліктерді пайдалану; – 140-қа жуық – маневр жасау қағидаларын бұзу; – 70-ке жуық – жол қозғалысы ережелерін бұзып, апаттық жағдай туғызу деректері тіркелді.
Құқық бұзушылықтар тек жүргізушілер тарапынан ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылар тарапынан да орын алған. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер тарапынан 490 құқық бұзушылық тіркелді.
Мәселен, кешкі уақытта Үшқоңыр көшесінде полиция қызметкерлері 43 жастағы елорда тұрғыны басқарған Hyundai автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің мас күйде екені медициналық сараптама арқылы расталды.
Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Тағы бір жағдайда Абылайхан көшесімен келе жатқан 25 жастағы Audi автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлерімен тексеру үшін тоқтатылды.
Медициналық сараптама оның мас күйде болғанын растады. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешімімен жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда барынша мұқият әрі тәртіпті болуға, Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
