Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы құрылды

Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылында маңызды шара өтті. "Опорная" жалпы білім беру ұйымында Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері, полиция подполковнигі Сатқанбаев Жолдасқалидың атына құрылған "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға аудан және облыс деңгейіндегі бірқатар құрметті қонақ қатысып, жас ұрпаққа ізгі тілектерін жеткізді. Олардың қатарында Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетов, Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмас Мұқан, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Садақбаев, Бейнеу ауданы полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Изкенов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Теміржан Тәжмұханов және білім бөлімінің басшысы Шоқан Жәулиев бар.

Сондай-ақ кештің құрметті қонақтары ретінде ардагердің жары Сайлаугүл Төлепбергенова мен оның інісі Жұмабек Дүсіпов қатысты.

Іс-шараға бүгінгі күннің батыры Ерғали Искаков та арнайы қатысып, жастарға ерлік пен адал қызметтің жарқын үлгісін көрсетті. Оның қатысуы "Жас сақшы" сыныбының жас қатысушыларын құқық қорғау саласына қызығушылық танытуға ынталандырды.

Салтанатты жиын барысында ардагердің өмір жолы, құқық қорғау саласына қосқан үлесі және адал қызметі кеңінен насихатталды. Бұл мысалдар жас буынға өнеге ретінде ұсынылды. Іс-шара соңында қонақтар Ж.Сатқанбаевтың өмір жолын баяндайтын фотокөрмені тамашалап, жаңадан ашылған "Жас сақшы" сыныбымен танысты.

Осы бастаманың басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауаттылық пен мәдениетті қалыптастыру, құқық қорғау органдарына деген құрмет сезімін арттыру. Сонымен қатар, жас ұрпақты Жолдасқали Сатқанбаевтың өнегелі өмір жолын үлгі ете отырып, патриоттық рухта тәрбиелеу көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру