Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық тұрғын су сүзгісін ауыстырамын деген желеумен зейнеткерді тонап кеткен

Елордалық тұрғын су сүзгісін ауыстырамын деген желеумен зейнеткерді тонап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлерге елордадағы пәтерлердің бірінде ұрлық жасалғаны туралы ақпарат келіп түскен. Мән-жайды анықтауға жұмылған Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында түскі уақытта су сүзгісін ауыстырамын деген желеумен қарт кісінің пәтеріне кіріп, жатын бөлмесінің шкафынан 100 мың теңге ұрлап кеткен 23 жастағы қала тұрғынын анықтаған.

83 жастағы зейнеткердің айтуынша, жас жігіт фильтрді ауыстыру қажеттігін айтып, бұрын төлеген ақшаның бір бөлігін қайтару үшін келісімшартты сұраған. Әже келісім шарт іздеп әуре-сарсаңға түскенде, күдікті оның жинаған ақшасын жымқырып үлгерген. Ол кеткеннен кейін бөлмесінде тұрған зейнетақысының жоқ екенін білген қарт әже бірден полицияға хабарласқан.

Тергеу барысында ер адамның бұрын фильтр орнататын компанияда жұмыс істегені және клиенттерді танитыны анықталды. Ол жалғыз басты қарттарды нысанаға алған. Белгілі болғандай, ер адамның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін соттылығы болған. Қазір тергеушілер ер адамның елордада жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, айғақтарды әзірлеп жатыр.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Ер адам қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру