Есірткінің заңсыз айналымына қатысты 112 құқық бұзушылық анықталды
Шымкентте іс-шара қорытындысымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 112 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 30 қазан аралығында қала аумағында «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның бес ай қорытындысымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 112 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 23 дерегі қылмыстар болса, 89 дерегі қылмыстық теріс қылықтар. Тіркелген қылмыстар ішінен алты дерек есірткі заттарын сату, үш дерек аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтау және 14-і құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру жайттары болып табылады.
Арнайы іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 19 кг 386 гр түрлі есірткі заттары тәркіленіп алынды.
Одан бөлек, аталған іс-шара аясында Полиция департаментінің қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп тұрғындар арасында есірткіге тәуелділікті азайту мақсатында есірткіге қарсы 14 профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Оның оңды нәтижесі есепте тұратын есірткіге тәуелді адамдар санының 14,6%-ға төмендеуі болып табылады.