Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы Қызылорда облысының учаскелік полиция инспекторларымен кездесті

ІІМ басшысы Қызылорда облысының учаскелік полиция инспекторларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Бас прокурордың, ​ Ішкі істер министрінің және облыс әкімінің қатысуымен облыстық прокуратурада өткен кеңесте қылмыстық процестің үш буынды моделін​ енгізу​ мәселелері қаралды.​

Министр Қызылорда облысы Полиция департаментінің жұмысымен танысты – Жедел басқару орталығын, учаскелік полиция пунктін, сондай-ақ модульдік полиция бекеттерін аралады.

Облыс орталығында орналасқан осындай 14 бекет халыққа тәулік бойы, сапалы және уақтылы көмек көрсету мақсатында барлық қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бүгінгі күні облыс аумағында барлығы 272 бейнекамера орнатылған, олардың көмегімен жыл басынан бері тоғыз мыңға жуық құқық бұзушылық анықталып, 54 қылмыс ашылды.

– Қазір дамыған елдердің тәжірибесі негізінде криминогендік учаскелерде заманауи стационарлық полиция бекеттері орнатылуда. Бейнебақылау желісі кеңеюде. Бұл жұмыс әкімдіктің тікелей қолдауымен жүргізілуде, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Министр өңірдің үздік учаскелік полиция​ инспекторларымен кездесіп, Шиелі ауданы Жиделі – арық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Тоқтарбай Дулатовты “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапаттады. Бұл ауылдық округте соңғы екі жылда бірде бір қылмыс орын алмаған. Тыныштық пен қауіпсіздік орнаған осы ауылдың ақсақалдары учаскелік полиция инспекторының жұмысына жоғары баға беріп отыр.

– Жергілікті полиция қызметін жетілдірудегі біздің басты міндетіміз азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасы – учаскелік полиция инспекторының тиімді қызмет атқаруы үшін біз барлық жағдайларды жасауды жалғастыратын боламыз, – деді Ішкі істер министрі.

Ерлан Тұрғымбаев полиция нысандарын аралау кезінде ел басшылығының құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді, сондай-ақ жеке құраммен кездесуде өңірдегі полиция қызметінің басым бағыттарын айқындады.​

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру