ІІМ-де КВИ-ден қорғанатын құралдар таныстырылды
ІІМ-де коронавирустық инфекциядан қорғанатын құралдар таныстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап медицина қызметкерлерімен бірге халықтың денсаулығын қорғау бағытында полицейлер мен әскери қызметшілер де қызмет атқарып жатыр. Олар блок-бекеттерде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті күзетеді, карантиндік аймақтарда жұқтыру ошақтарын оқшаулау бойынша арнайы іс-шаралар жүргізеді. Санитарлық ережелерді бұзу әрекеттерінің жолын кеседі, әлеуетті жұқтырушылар және олармен байланыста болғандарды іздейді.
Қызметке кіріскенде «қауіптілігі жоғары топтарымен» жұмыс істей отырып, медицина қызметкерлері сияқты, олар да өздеріне жұқтыру қаупімен бетпе-бет келеді.
Осыған байланысты, ІІМ басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінің барлық тігін цехтарында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған қорғаныс құралдарын тігу жүргізіліп жатыр.
Мәселен, бірінші кезеңде медициналық маскаларды тігу өндірісі жолға қойылды, 1 000 000-ға жуық қорғаныс бұйымдары дайындалды, бұл жеке құрамның қорғаныс құралдарына деген қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне арналған арнайы костюмдер өндірісі басталды.
Қорғаныш комбинезон – көп рет қолданылатын, ол су өткізбейтін әсері бар қоспалы матадан жасалған. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қысқа мерзімде өндірісі жолға қойылған бұйымдардың жаңа түрі қорғаудың қосымша құралы болып табылады.
160 қорғаныс комбинезонынан тұратын бірінші партияны блок-бекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алды. Жақын арада қорғаныс комбинезондарымен ІІМ-нің барлық аймақтық бөлімшелері қамтамасыз етіледі.
Бірінші кезекте оларды карантиндік іс-шараларға тартылған қызметкерлер алады.
«Күн сайын 25 мыңға жуық полицей, құтқарушылар және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жасақпен күзетке шығады. Осы қиын жағдайларда пенитенциарлық жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Менің тапсырмам бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек» РМК әзірлеген құралдар төтенше жағдай кезінде өз қызметтік борышын тәулік бойы орындайтын қызметкерлеріміздің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Бұдан басқа, ҚАЖК басшылығы «дезинфекциялық тоннель» деп аталатын қорғаныс құралының тұсаукесерін өткізді. Бірінші эксперименттік үлгі Ішкі істер министрлігінің ғимаратына кіре берісте орнатылған. Тоннель құрылымы қарапайым: ол дезинфекциялық қасиеті бар арнайы физертіндіні бүрку құралымен жабдықталған. Мұндай пункттер ҚАЖ мекемелерінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында барлық колонияларда орнатылады.