ІІМ еңбек мигранттарымен жасалған шарттарда барлық ережелерді сақтауға кеңес береді
ІІМ еңбек мигранттарымен жасалған шарттарда барлық ережелерді сақтауға кеңес береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта Қазақстандық азаматтар тарапынан полицияға шетелдік азаматтармен жасалған үй, объект салу, сондай-ақ үй-жайларды жөндеу бойынша келісім жасалып, алданғандығы және алаяқтық жасалғандығы туралы жүгіну жағдайлары жиілеп кетті.
Осындай фактілердің алдын алу үшін азаматтардан сақ болуын сұраймыз.
Шетелдік азаматпен азаматтық-құқықтық қатынастар орнату кезінде оның ел аумағында болуының заңдылығына көз жеткізу үшін төл-құжатын немесе біздің елде болуға құқық беретін, белгіленген мерзімде уақытша тұруға рұқсат етілетін, тұруға ықтиярхат немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігін ұсынуды талап ету қажет.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда онымен жасалған шарттан бас тартып, бұл туралы дереу көші-қон қызметіне хабарлау керек немесе 102-ге қоңырау шалу қажет.
Шарт жасалған жағдайда, жұмыс беруші қабылдаушы тарап ретінде визалық көші-қон порталы арқылы үш жұмыс күні ішінде көшіп келушінің уақытша тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуі қажет.
Қабылдаушы тұлғаның шетелдіктердің болу құқығына құжаттарды ресімдеу, не елде болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін олардың елден кетуі, не оларда болатын көшіп келушілер туралы полицияны уақтылы хабардар етпегені үшін ӘҚБтК-нің 518-бабына сай жеке тұлғаларға ескерту түрінде, құқық бұзушылық қайталап жасалған кезде 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жауапкершілік көзделген.
Қазақстан заңнамасын бұза отырып, елде жүрген шетелдікке тұрғын үй берген жағдайда қабылдаушы тұлғаға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Осы талаптарды ескере отырып, сіз жағымсыз жағдайлар мен проблемалардан аулақ боласыз.