ІІМ орталық аппараты қызметкерлері арасында практикалық ату бойынша турнир өтті
"Алатау" спорт сарайының атыс тирінде Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты қызметкерлері арасында практикалық ату бойынша турнир ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық іс-шара ІІМ "ARLAN" спорт клубының қолдауымен Action Air (IPSC) тәртібінде страйкбол қаруын қолдану арқылы өткізілді.

Турнирдің негізгі мақсаты - қызметкерлердің атыс даярлығын жетілдіру, дене дайындығын арттыру, сондай-ақ командалық өзара іс-қимыл мен спорттық шеберлікті дамыту.
Жарысқа орталық аппараттан 19 команда құрамында 38 қызметкер қатысты.

Сайыс барысында қатысушылар нысанаға дәл тигізу, жылдамдық пен қаруды шебер қолдану дағдыларын көрсетіп, жедел шешім қабылдау және команда құрамында үйлесімді әрекет ету қабілеттерін сынады.

Турнир қорытындысы бойынша командалық есепте:
1-орын – ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы;
2-орын – ІІМ Арнайы күштер және жедел басқару департаменті;
3-орын – ІІМ Күзет қызметін бақылау комитеті.
Жеке көрсеткіштер бойынша да үздіктер анықталды:
"Үздік атқыш" номинациясында - полиция майоры Данияр Жикенов;
"Үздік уақыт" номинациясында - полиция капитаны Бисұлтан Инкарбеков;
"Жеңіске деген жігері үшін" номинациясында - полиция аға лейтенанты София Орынбасарова.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, медальдар және сыйлықтар табысталды.
Мұндай спорттық жарыстар қызметкерлердің кәсіби-қолданбалы дағдыларын жетілдіруге, дене дайындығын шыңдауға, сондай-ақ командалық рух пен өзара іс-қимыл мәдениетін нығайтуға мүмкіндік береді.
