Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Иісшіл иттер – тәртіп сақшыларының сенімді серігі

Атырау облысы ПД Кинология қызмет орталығында аға инспектор- кинолог және 10-ға жуық кіші инспектор- кинологтар қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Орталықта неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадор, спаниель тұқымдас барлығы 20-ға жуық қызметтік иттер бар.

Кинологиялық орталық бастығы Азамат Маукеновтің айтуынша,  төрт аяқты көмекшілеріміз жарылғыш заттарды, оқ-дәрі, қару-жарақтарды табу, есірткі тасымалдаушылардың жолын кесу, одорология яғни, иіс ажырату, із кесу, сонымен қатар шабуылдаушы бағыттары бойынша қызметтер атқарады. Жыл басынан бері қызметтік иісшіл иттер  тергеу-жедел топтарымен бірге 900-ға жуық қылмыстық оқиға орындарына барды. Олардың көмегімен 130-дан астам қылмыстың “ізі суымай ашылды.

Орталықтың төрт аяқты “тұрғындары” қашанда өз міндеттеріне сақадай сай тұрады.
Шұғыл қоңырау түскен бойда, арнайы тормен жабдықталған көлікпен олар оқиға орнына жеткізіледі.
Жуырда, Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен облыс аудандарының бірінде қылмыс әшкереленді.
Жедел түрде оқиға орнына орталықтан кинолог-инспектор өзіне бекітілген қызметтік итпен жеткізіледі. Тінту барысында есірткі заттарды іздеу бағытында жаттықтырылған “Бэлла ” өз ісін мүлтіксіз орындап, есірткіні бірден тапқан.
Бэлланың жаттықтырушысы кіші инспектор-кинолог Данияр Қалиев қызметтес серігіне риза, өйткені бірлесіп қызмет атқарғалы ешқандай қателеспегенін айтады.

Департаменттің Кинологиялық орталығында
оқу- жаттығу күн сайын белгіленген күнтізбе бойынша жүріп отырады. Қызметкерлер өздеріне бекітілген көмекші-иттерімен күніне екі сағат бойы жаттығулар жасайды.

– Біздің кинологтар қызметтік иттерімен бірге ІІМ-нің кинологиялық қызмет орталықтарына жіберіліп, білімдерін шыңдап, дайындық курстарынан өтеді,-дейді Азамат Қазиханұлы.

Бір қызығы, итті кинологқа бекіту барысында, мінездерінің темпераментіне де аса мән беріледі екен. Адамның психологиялық тұрғыдан мінез- құлықтары төртке бөлінсе, иттер де дәл солай. Мәселен, сангвиниктер пәрменді (берілген команда) тез қағып алып, қызметте шапшаң қимылдайды. Мелонхолик иттер байсалды болып келеді, олар көп жағдайда жарылғыш затты іздеуге үйретіледі.
Егер, итпен оның иесінің темпераменттері қарама- қайшы болса, іс алға өрлейді екен.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күресуде кинология қызметінің рөлі айтарлықтай.
Өйткені, мақсаттары бір кинологтар мен иісшіл иттердің қылмыс ашудағы үлес салмағы соның дәлелі. Сондықтан олардың әрдайым сапта болуы ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру