Ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай облысының Полиция департаменті ішкі істер органдарының ардагерлерін құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев облыс ардагерлеріне төсбелгілер мен грамоталарды табыс етті.
Отставкадағы милиция полковнигі Сатыбалды Насыров ішкі істер органдарында 29 жылдан астам қызмет етіп, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту ісіне үлкен үлес қосқан ардагерлердің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы Жангелдин және Қарасу аудандарының полиция бөлімдерін басқарған. Бүгін Сатыбалды Мәженұлына «ІІМ құрметті ардагері» төсбелгісі табыс етілді.
Қостанай облысының тағы бір құрметті ардагері Қабдуәлі Күдебаев Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қабдуәлі Құсманұлы милицияда 25 жылдан астам жұмыс істеген.
Сондай-ақ запастағы полиция майоры Лидия Хоружик «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Лидия Александровна ішкі істер органдарында 27 жылдан астам қызмет еткен.
Департамент бастығының орынбасары А.Ынтықбаев ардагерлерді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оларға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен барлық игіліктерді тіледі.