Түзеу мекемесіне 400-ге жуық кітап тарту етілді
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінің кітапханасы 400-ге жуық кітаппен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түзеу мекемесіне әдеби кітаптарды Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана тарту етті.
– Мекемеде бас бостандығынан айырылған азаматтармен тәрбиелік мәні бар шаралар жүйелі жүргізіледі. Тәрбиелік ықпал ету жұмыстарының бір бағыты ретінде сотталған азаматтардың білім және мәдени деңгейін арттыру жоспарланған. Мекемеде сотталған азаматтарға арналған кітапхана жұмыс жасайды. Жазасын өтеушілер ішкі күн тәртібіне сәйкес мекеме кітапханасынан өздеріне қажетті кітаптарды оқи алады. Қазіргі таңда кітапхана қорында 6000-ға жуық кітап бар. Кітапхана қорын кітаппен толықтыру, жаңалау мекеме әкімшілігінің үнемі назарында, – деді мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жалғас Есмаханов.