Ісіне адал тәртіп сақшысы қызметінің қыр-сырымен бөлісті
Ісіне адал тәртіп сақшысы қызметінің қыр-сырымен бөлісті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету — учаскелік полиция инспекторының басты міндеті. Күнделікті халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін тәртіп сақшылары әрдайым тұрғындардың сенім үдесінен шығуға тырысады. Осындай өз ісіне адал қызметкерлердің бірі — Алға ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ильяс Отаралин.
Ильяс Отаралин ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 2014 жылы бастаған. Осы уақыт ішінде ол жауапкершілігі жоғары, кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын полиция қызметкері ретінде танылып келеді.
Учаскелік инспектордың қызметі құқық бұзушылықтың алдын алумен ғана шектелмейді. Кей сәтте полицейдің жедел әрекеті адам өміріне араша бола алады.
Осындай жағдайлардың бірі биылғы 11 наурыз күні болды. Сол күні өңірде қатты боран соғып, жол қатынасы қиындаған еді. Алға ауданы Қайындысай ауылында жүкті әйелдің толғағы басталып, жақындары оны қалаға жеткізуге әрекеттенген. Алайда жолда көлік қар құрсауында қалып қояды.
Осы уақытта өз әкімшілік аумағында патруль жүргізіп жүрген Ильяс Отаралин жолда тоқтап тұрған көлікті байқайды. Көлік ішінде толғағы қысқан әйел мен фельдшер отырғанын білген учаскелік инспектор бірден көмекке кірісіп, оларды Ақтөбеден шыққан «Трекол» жол талғамайтын көлігіне жеткізуге көмектескен. Нәтижесінде әйел облыстық перинаталдық орталыққа дер кезінде жеткізіліп, аман-есен дүниеге қыз баланы әкелді.
Арада уақыт өткен соң учаскелік инспектор өз учаскесінің тұрғынына арнайы барып, ана мен сәбидің жағдайын біліп қайтты. Полицей отбасын нәрестенің дүниеге келуімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Полиция қызметінде кәсібилікпен қатар адамгершілік, жанашырлық пен жауапкершілік қатар жүреді. Ильяс Отаралиннің әрекеті — халыққа адал қызмет етудің және қиын сәтте қолдау көрсете білудің айқын үлгісі.
