Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантин шектеулерін бұзу фактілері анықталды

Жамбылдық полицейлер карантиндік шектеулерді бұзушыларды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, 24 қарашада карантин режимі мен санитарлық нормалардың сақталуын тексеруді жүзеге асыратын мобильді топ Меркі ауданында екі отбасылық іс-шараны және Байзақ ауданында бір үйлену тойын өткізу дерегін анықтады.

Аталған іс-шаралардағы қонақтар саны 200-ге жуық адамды құрайды. Қонақтардың арасында 2 жастағы баладан бастап 67 жасқа дейінгі азаматтар болған.

Шақырылған қонақтар отбасылық мерекеден кетуге асықпады, алайда олардың құқық бұзушылықтарын фотоға түсіру олардың жоспарларын күрт өзгертті. Полицейлер тәртіп бұзушылармен профилактикалық әңгімелесу өткізді, ал іс-шараларды ұйымдастырушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сонымен қатар тек бір тәулік ішінде әлеуметтік нысандарды уақтылы дезинфекцияламау, бетперде режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтамаумен байланысты алты құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Биылғы жылдың 5 шілдесі мен 24 қарашасы аралығында түрлі меншік нысанындағы 11 мыңнан астам нысан тексерілді. Карантин режимін сақтау бойынша мониторингтік топтар нысандарда 763 құқық бұзушылықты анықтады, жиналған материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша  жалпы сомасы 53 034 798 теңгеге 450 айыппұл салды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарға өз жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында көпшілік жиналған іс-шараларға бармау және қолданыстағы карантиндік шектеулерді сақтау қажеттігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру