Карантин шектеулерін елемей жұмыс істеп тұрған төрт монша анықталды
Павлодар облысында карантин шектеулерінің талаптарын елемей жұмыс істеп тұрған төрт монша анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Май ауданының мониторингтік тобы санитарлық нормалардың сақталуын тексеру бойынша рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарының аумағында демалыс күні жұмыс істеп тұрған төрт моншаны анықтады, – деді Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Нығметолла Қаббасов.
Монша иелеріне қатысты жинақталған материал шара қолдану үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліміне жіберілді.
Павлодар облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 6 қарашадағы №13 қаулысына сәйкес облыс аумағында демалыс (сенбі, жексенбі) және мереке күндері шектеу шаралары енгізілді, осыған байланысты моншалардың, сауналардың, СПА-орталықтардың және массаж салондарының жұмысы шектелгенін айта кету керек.