Карантин талаптарын бұзған адамдардың саны азаяр емес
Түркістан облысының полицейлері тоғыз күн ішінде карантин талаптарын бұзған 372 тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Карантин талаптарын сақтау іс-шарасы бойынша қараша айының соңғы тоғыз күнінде Арыс АПБ-нің полицейлері және Арыс қаласының әкімдік қызметкерлерінен тұратын арнайы мониторингтік топ жолға шықты. Мұндағы негізгі мақсаты – тамақтану орындарына, сауда үйлеріне, азық-түлік дүкендеріне санитарлық талаптар мен бетперде тағу режимін сақтау бойынша рейдтер жүргізу.
Соның нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша 372 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, карантин талаптарын қатаң сақтау керектігі ескертілді.
Оған қоса мобильдік топ өкілдері Арыс ауданы орталығындағы тойханалар мен мейрамханаларды тексеріп, нысан иелерімен кездесіп, той-жиын өткізбеу және азаматтардың жиналуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, карантин талаптары бұзылған жағдайда заңды шара көрілетіні туралы айтып өтті. Сондықтан әрбіріміз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық.
Жақынымызға жанашыр болайық. Ел қамын ойлайтын азаматтарымыз, ұлттың амандығы үшін күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Сондықтан бетперделік режим мен арақашықтықты сақтаңыздар!