Кентауда бұрынғы көршісінің темірін ұрлаған ер адам ұсталды
Кентауда бұрынғы көршісінің темірін ұрлаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның тұрғын үйінің ауласына түнгі уақытта белгісіз біреулер кіріп, әртүрлі темірлерін жымқырып кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығымен тіркеді.
Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлер жедел іске кірісті. Осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары көрген-білгендерден жауап алды.
Полицейлер үзіліссіз барлық темір қабылдайтын орындарды қарап шықты. Осылайша, ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Ол бұрын жәбірленушінің көршісі болған орта жастағы азамат болып шықты.
Анықталғандай, күдікті жәбірленушінің үйіне заңсыз кіріп, темірлерді байқап, жеңіл жолмен пайда табуды көздеген. Бүгінде ұрланған темірлер айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.