Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Киберқауіпсіздік күзетіндегі бір күн

Қазіргі таңда интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттердің саны артып, азаматтардың қаржылық және ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Осындай қылмыстардың алдын алып, тұрғындарды киберқатерлерден қорғау бағытында Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Солардың бірі – полиция капитаны Сұлтан Иманғалиев, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сұлтан Иманғалиев – Атырау облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны. Оның күнделікті қызметі көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса қауіпті қылмыстармен күресуге бағытталған. Бүгінде интернет-алаяқтық, фишингтік шабуылдар, жалған интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруде. Сондықтан киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің басты міндеті – мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, тұрғындардың мүддесін қорғау.

Сұлтан Иманғалиев жұмыс күнін таңғы сағат 08:30-да өтетін жедел кеңестен бастайды. Кеңес барысында тәулік ішінде тіркелген интернет-алаяқтық фактілері сараланып, қызметкерлер арасында нақты міндеттер бөлінеді. Әрбір арыз бен хабарлама мұқият зерделеніп, қылмыскерлердің әрекет ету тәсілдері мен қолданған схемалары талданады.

Кеңестен кейін жедел уәкіл азаматтардан келіп түскен арыздар бойынша жұмысқа кіріседі. Бір жағдайда тұрғын өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяққа жеке деректерін беріп қойған болса, енді бірінде интернет-дүкен арқылы тауарға тапсырыс берген азамат қаржысынан айырылған. Осындай деректер бойынша жедел ақпараттар жинақталып, күдіктілерді анықтау және олардың әрекеттерін әшкерелеу бағытында тиісті шаралар қабылданады.

Түскі уақытта полицей әріптестерімен бірге интернет кеңістігіне мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстар барысында тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін жалған сайттар, күмәнді сілтемелер мен заңсыз ресурстар анықталады. Қажет болған жағдайда оларды бұғаттау жөнінде тиісті ұсыныстар енгізіледі. Киберкеңістіктегі қауіп-қатерлерді ерте анықтау азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауының алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі саналады.

Күннің екінші жартысында Сұлтан Иманғалиевтің қызметі профилактикалық жұмыстармен жалғасады. Ол мектептерде, колледждерде және еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және алаяқтардың арбауына түсуден сақтандыру.

Кешкі уақытта күн бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жедел ақпараттар жүйеленеді. Жиналған материалдар рәсімделіп, келесі күнге арналған міндеттер нақтыланады. Киберқылмыскерлер тәулік бойы әрекет ететіндіктен, полиция қызметкерлері де кез келген уақытта жедел әрекет етуге дайын болуы тиіс.

Бүгінде киберқылмысқа қарсы күрес – заманауи полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Сұлтан Иманғалиев сияқты тәртіп сақшылары күн сайын интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың ақпараттық және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қажырлы еңбек етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру