Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда алаяқ жоқ пәтерлерді жалға берумен айналысқан

Ақмола полицейлері жоқ пәтерлерді жалға берумен айналысқан алаяқты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

13 қаңтарда Көкшетау қаласының ПБ кезекші бөліміне Степняк қаласының 18 жастағы тұрғынынан 2021 жылдың 12 қаңтарында белгісіз ер адамның алдау жолымен 55 мың теңге сомасындағы ақша қаражатын иемденгені туралы телефон хабарламасы келіп түсті.

Сол күні Көкшетау қаласының Полиция басқармасына алаяқтық туралы тағы бір осындай арыз келіп түсті. Аталған фактілер бойынша тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.

Мән-жайды анықтау барысында зардап шеккендердің “OLХ” қосымшасы арқылы ұзақ мерзімге жалға алу үшін пәтер іздегені белгілі болды. Олар пәтер иесіне қоңырау шалып, телефон арқылы сөйлесіп, пәтердің қосымша фотосуреттерін алып, көргеннен кейін алдын-ала төлем жіберген.

Ақшаны аударғаннан кейін пәтер иесімен байланыс үзілген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары СҚО-ның 27 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам өз кінәсін толық мойындады.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың басқа да осындай құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу амалдары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру