Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері "Халық Қаһарманы" Ғазиз Байтасовты еске алды

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері "Халық қаһарманы" Ғазиз Байтасовтың рухына тағзым етіп, оның жанкешті ерлігіне құрмет көрсету үшін сапқа тұрғызылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Рәсім департамент ғимараты алдындағы "Мәңгілік ұмытылмас есімдер" мемориалына аза тұту маршымен гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Шараға департаменттің басшы және жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Жиналғандар қызметтік міндетін атқару кезінде қаһармандықпен қаза тапқан полиция қызметкерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

- Ер есімі – ел есінде. Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың қаза болғанына биыл 15 жыл болды. Отаны мен халқын шексіз сүйген, антына адал, нағыз патриот, қызмет бабында көз жұмған әріптесіміздің өшпес ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ғазиз Әбдібекұлының жарқын бейнесі мен өжет ерлігі жадымызда мәңгі сақталады, – деді көліктегі ПД бастығының міндетін уақытша атқарушы Құрмет Мәжікенов.

Ғазиз Байтасов 2011 жылғы 12 қарашада қандықол қылмыскерді ұстау кезінде кеудесін оққа төсеп, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалды. ерлікпен қаза тапты. Осы жанқиярлық ерлігі үшін оған Қазақстанның "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру