Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полициясы алдағы кезеңге негізгі міндеттерді айқындады

Көліктегі полиция департаментінде кеңейтілген кеңес өтті. Онда көлік полициясының 2023 жылғы атқарған жедел қызметі қорытындыланып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері айқындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиынға департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің бастықтары, сондай-ақ желілік бөлімшелердің басшылары мен жеке құрамы қатысты. Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев қызметкерлерге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомство алқасында ішкі істер органдарының алдында қойған басым міндеттерін жеткізді. Сондай-ақ жеке құрамға ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында жүктеген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді. Атап айтқанда, ол кадрлардың сапасын арттыру және алдағы аттестаттау туралы мәселелерді қозғап, заң мен тәртіп, жазаның бұлтартпаушылық принципі әрқашан басымдыққа ие болатынын айтты.

Кеңес барысында бірқатар желілік бөлініс басшыларының есептері тыңдалды.

Өткен жылы көлік полицейлері жедел жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар кешенін іске асырды. Жалпы, 2023 жылы қабылданған шаралар республиканың теміржол және әуе көлігі объектілерінде тұрақты жедел жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Департаменттің қызмет көрсету учаскесінде өткен жылы барлығы 1676 қылмыстық теріс қылық пен құқық бұзушылықтар тіркелген. Олардың ашылу деңгейі 79,6%-ды құрады. Нәтижесінде департаменттің аумақтық бөлімшелерінің күшімен есірткі заттарының заңсыз айналымының 400-ден астам фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 428 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Әуе және теміржол нысандарында барлығы 53 307 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1589 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Басқосуға қатысушылар кадрлық әлеуетті жетілдіру, сондай-ақ көліктегі ПД жеке құрамының тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелерін кеңінен талқылады.

Б.Малыбаев халыққа сапалы қызмет көрсетуге және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтаудың маңыздылығына айырықша назар аударды. Қорытындылай келе, ведомство басшысы көлік объектілерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті тұрақты қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттерді белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру