Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Конституция күніне орай қарағандылық 350 полицей марапатталды

Конституция күніне орай қарағандылық 350 полицей марапатталды,- деп хабарлайды Polisia.kz. 

Ата заң мерекесіне орай Қарағандыдағы достық үйінде салтанатты іс-шара өтті. Шараға антына адал, сертіне берік болып, қызметінде үздік шыққан тәртіп сақшылары және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Іс-шара еліміздің Әнұранын орындаудан басталды. Жиында жиналған барлық тәртіп сақшылары мен ардагерлерді облыстың бас полицейі Санжар Әділов құттықтады.

– Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор, қастерлі мереке – Конституция күнімен құттықтаймын! Ел тәуелсіздігінің кепіліне айналған Ата Заңымыз – Конституцияға биыл 28 жыл толып отыр. Аз уақытта айбары асқан куатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған түрлі ұлыс өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Әрбір Қазақстан азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгін де әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге, – деді Санжар Әділов.

Құттықтау сөзінен кейін облыстың бас полицейі қызметінде үздік атанып, еңбегіне адал берілген бірқатар тәртіп сақшыларын ішкі істер министрінің және өз құқығымен марапаттады. Олардың арасында қатардағы қызметтік үй-жайларды тазалаушылардан бастап, полицей-жүргізуші, учаскелік полиция инспекторлары бар.

Мәселен, Ата заң мерекесіне орай Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен бір қызметкер “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталса, үш қызметкер “Қазақстан полициясына 30 жыл” мерейтойлық төсбелгісімен, үш қызметкер І дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен, бір қызметкерге ішкі істер министрлігінің құрмет грамотасы берілсе, бес қызметкерге грамота, төрт қызметкерге алғыс хат табысталып, төрт қызметкерге алғыс жарияланды. Сондай-ақ, полиция департаменті бастығының бұйрығымен 350 қызметкер грамота, алғысхатармен марапатталды.

Салтанатты іс-шара соңында полиция қызметкерлерінің назарына Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары мен Tarlan’S group ұлттық аспаптар тобы бірлесіп өнер көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру