Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Мал ұрысы” ЖПІШ: Түркістан облысында мал ұрлығының 9 жайты ашылды

Түркістан облысында “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мал ұрлығының 9 жайты ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ-нің қолжетімді полиция қағидатын қалыптастыру мен полицияның тұрғындармен кері байланыста болу тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде брифинг өтті.

Ол Instagram және Facebook ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы іске асырылды. “Мал ұрлығына қарсы күрес шаралары” тақырыбында өткен брифингтің спикері ретінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қуатов қатысып, қазіргі таңдағы өзекті мәселе бойынша қалың көпшілікке тиянақты түсіндіріп берді.

Жалпы облыс полицейлерімен екі ай ішінде сегіз қылмыстық топ ұсталған. Оның ішінде 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, барымташылардың мал ұрлығының 19 жайтына қатыстылығы анықталды. Ұрланған 200-ден астам төрт түліктің 122-сі қайтарылған. 49 мал ұрлығының 23-і қорадан, 26-сы жайылымнан қолды болған.

Мал жануарларын иесіз жайылымға жіберу және соның салдарынан жеке тұлғаның кез келген мүлкіне залал келтіру жайты бойынша осы жылдың екі айында облыс көлемінде 1000-нан астам дерек анықталған. Кінәлі құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) жауапкершілікке тартылған.

Жыл басынан бері ветеринарлық ілеспе құжатынсыз мал тасымалдаған 99 көлік жүргізушісі анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша жинақталған құжаттар тиісті мекемеге жіберілген.

Олардың 92-сіне хаттама толтырылған. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ПД бастығы Мұрат Қабденовтің нұсқауымен мал ұрлығы қылмыстарын болдырмау мақсатында “түнгі топ” құрылып, жұмыс істеуде. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған топ облыс көлемінде мал ұрлығына тосқауыл қоюмен айналысады.

– Профилактикалық іс-шаралардың арқасында облысымызда мал ұрлығының тіркелімі 30 пайызға немесе 70-тен 49 дерекке төмендеген. Қылмыстың тіркелімі бізде ауыр және орта дәрежелі деп бөлінеді. Ауыр дәрежелі мал ұрлығының ашылымы 61,8 пайыздан 70 пайызға, ал орта дәрежелі мал ұрлығының ашылымы 33,3 пайыздан 66,7 пайызға жоғарылап отыр. Мәселен, 1-10 наурыз аралығында “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Аталған шара кезінде түркістандық полицейлермен 18 дерек жоғалған малдар табылып, иелеріне қайтарылды. Төрт қылмыстық топ құрықталып, мал ұрлығының 9 жайты ашылды. Оның біреуі бұрын орын алған қылмыс. Осы тұста мал иелеріне келер болсақ, әрбір азамат өз жеке мал мүлкіне қырағы және сақ болып жүруі, оны сақтау үшін қажетті жағдайды жасап, төрт түліктерін қараусыз қалдырмауы, уақытылы сырғалап, таңбалап, құжаттандырып, қоражайын мықтап бекітуі керек, – деп атап өтті Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қуатов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру