Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әскери өмірді серік еткен Әсем

Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайты өз оқырманын құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстыруын жалғыстырады.

Біздің қоғамда әйелдер өзіне тән қызметпен айналысқаны жөн деген пікір болғаны рас. Бірақ заманына қарай адамы да, олардың ой-пайымы да өзгерді. Қазір әйелдер қауымын кез келген саладан көріп жүрміз. Қандай істі қолға алса да, олар ер-азаматтардан кем орындамайды.

Әсіресе, әскери форма киген сұңғақ бойлы сұлулар қасымыздан өте шыққанда сүйіспеншілікпен таңдана қарайтынымыз рас. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, әділет аға лейтенанты Әсем Истенғалиева — қауіп-қатері мен қиындығы мол әскери өмірді өзіне серік еткен жандардың бірі.

Әсем 1991 жылы Саумалкөл ауылында әскери отбасында дүниеге келген. Әкесі Мерсейіт — полиция қызметкері, анасы Гүлнар — түзету мекемесінде бақылаушы, аға прапорщик. Атасы Ғазез ақсақал да — Ұлы Отан соғысының ардагері, офицер. Майданда рота басқарған кісі.

Саумалкөл ауылындағы №1 мектепті үздік аттестатпен аяқтаған кейіпкеріміз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпбейінді колледжге оқуға түседі. Оны қызыл дипломмен аяқтап, Қарағанды қаласындағы Орталық академияның құқық қорғау бөлімін сырттай оқып шығады. Бала кезден әскери саланы көксеген арманы оны Қызылжар қаласының тергеу изоляторындағы қызметке алып келеді.
Бақылаушы — ерекше қырағылықты, төзімділікті қажет ететін мамандық. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын жас маманды жаңа ұжым да жылы қарсы алады. Әскери өмірдің қыр-сырымен осы жерде танысқан Әсем осы жылдың желтоқсан айында «ЕС-164/8 мекемесі» РММ-не қызметке ауысады. Міне содан бері сол мекемеде қызмет етіп келеді. Әділет аға лейтенанты, сотталғандардың жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы.
Сотталғандарды жұмыспен қамту, олардың құқықтарын сақтау, жалақыларының уақытында төленуін қадағалау, мекеме аумағында жұмыс істеу үшін жеке кәсіпкерліктер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарту, олармен келісім-шарт жасасу — біздің кейіпкеріміздің күнделікті жұмысы. Өзіне сеніп тапсырылған істі ыждағаттылықпен орындайтын, талап қойғыш, еңбекқор қызметкер әріптестері арасында да сыйлы.
Әсем қызметтен қолы босаған уақытында қызы Әдельмен дойбы ойнағанды, ән айтқанды ұнатады. Өзі кезінде музыка мектебінде фортепьянодан дәріс алған.
– Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын, – дейді Әсем.
Біз де ұжым атынан Әсем Мерсейітқызына әйелдер күні қарсаңында жұмысына сәттілік, абырой тілеп, жүзінен әрдайым күлкі кетпеуін тілейміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру