Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында алғашқы тұрғын үймен бірлескен полиция пункті ашылды

Маңғыстау облысында алғашқы тұрғын үймен бірлескен полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының “жұртқа жақын полиция” қағидатындағы учаскелік полиция инспекторларына жүктелетін міндет – тұрғындарға жақындай түсу, олар үшін қолжетімді болу, азаматтардың құқықтарын қорғай білу. ҚР ішкі істер министрінің бірқатар тапсырмаларын орындау мақсатында, Қазақстан полициясы мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысы көлемінде алғашқы тұрғын үймен бірлескен учаскелік пункт қолданысқа берілді. Ұлы тұлға Әбіш Кекілбайұлы туған, қазіргі кезде 1300-ден астам тұрғыны бар Оңды ауылдық округінде енді жаңа учаскелік пункт қызмет көрсететін болады.

20 маусым күні учаскелік полиция пунктінің ашылуы өткізіліп, жиынға Департамент бастығы полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев, облыстық ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Нағашыбай Жариев, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Махмутов, Оңды ауылдық округінің әкімі Балтабек Балапан қатысты.

Шараның ашылуында алғысөз сөйлеген ПД бастығы Жанарбек Бақтыбаев:

– Бұл ғимараттың ерекшелігі, соңғы үлгідегі құралдармен, ғаламтормен жабдықталған және учаскелік полиция инспекторының отбасымен бірге тұрып жұмыс жасауына жағдай жасалған. Бұл азаматтардың тәуліктің кез-келген уақытында полицияның көмегіне жүгінуге қолайлы, – деп атап өтті.

Өз кезегінде, аудан әкімінің орынбасары да өз атынан сөз сөйлеп, полиция қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап. Алдағы уақытта да ауданның басқа ауылдарында да учаскелік пункттер салу жұмыстары жалғасатындығын атап өтті.

Жергілікті атқарушы органдардың күш біріктіруімен салынған жаңа учаскелік пунктте полиция қызметкерінің және оның отбасының өмір сүру жағдайлары қарастырылған. Аймақтағы орын алатын оқиғаларға тез әрекет етіп, оқиға орнына жедел жету және сол аймақтың бір тұрғыны болып, халыққа тағы да бір қадам жақындай түсу – тұрғын үймен бірлескен пункттің ерекше тұсының бірі.

Жанындағы тұрғын үйден бөлек, аталмыш пункт үш бөлмеден тұрады. Учаскелік полиция инспекторларына, ювеналды полиция қызметкерлеріне және тергеушіге арналған бөлмелер бар. Барлық бөлме заманға сай техникалармен толық жабдықталып, қолайлы жұмыс жасау үшін арнайы базалардың барлығы дерлік орнатылған. Мәселен, ювеналды полиция қызметкері бөлмесінде балаларға арналған арнайы бұрыш болса, тергеушінің бөлмесі тергеу әрекетін тиісті деңгейде жүргізуге арналған құралдармен жабдықталған.

Маңғыстау ауданы бойынша барлығы 14 жауапты учаскелік инспектор және 13 олардың көмекшісі болса, солардың екеуі Оңды ауылына бекітілген. Ауыл бойынша жыл басынан 1 қылмыс тіркелсе, сол қылмыс осы учаскелік полиция инспекторларымен ашылған.

– Ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет атқарамын, учаскелік полиция ретінде қызметте болғаныма бір жыл болды. Пункт жанынан салынған тұрғын үйге ие болу мүмкіншілігі туды. Тұрғын үй мәселесінің шешілуі, маған жұмыс істеуге деген ерекше құлшыныс берді. Сол жасалған жағдайларға сай өнімді еңбек етуге міндеттіміз,- деп мәлімдеді Оңды ауылының учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Дархан Саясат.

Шараға қатысқан қонақтардың барлығы іргелес тұрғын үйге кіріп, жаңа қоныстарымен құттықтады. Ардагерлер кеңесі атынан жаңа үйге теледидар сыйлық ретінде табысталып, Департамент бастығы үйдің кішкентайларын өз сыйлықтарымен қуантты. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторының көмекшісіне полиция генерал-майоры қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.

Тұрғын үй табысталған учаскелік инспектордың ата-анасы Департамент бастығына және барша қолдау көрсеткен жандарға алғыстарын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру