Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда полицейлер спорттық сайыстарда бақ сынады

Маңғыстау облысы полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай полиция қызметкерлері арасында ашық аспан астында шағын футболдан және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның ашылуында Маңғыстау облысы ПД бастығы Сағындық Аяғанов қатысушыларға сәттілік тілеп, барша қызметкерлерді Ораза айт және Наурыз мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқарған бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар мен грамоталар табыстады.

Жарыс барысында командалар шағын футболмен қатар арқан тарту, гір тасын көтеру, таяқ тарту, қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінде бақ сынасты.

Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау, қызметкерлер арасында бірлікті нығайту және өскелең ұрпаққа патриоттық рухты дәріптеу. Іс-шараға полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелері де қатысып, мерекелік көңіл-күйді арттырды. Қатысушылардың жарлары мен балалары ұлттық киім киіп, мерекенің сәнін келтірді.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар жүлделі орындармен және арнайы номинациялармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру