Марихуанамен ұсталған шымкенттік тұрғын полицейлерге есірткіні қайдан алғанын айтты
Марихуанамен ұсталған шымкенттік тұрғын полицейлерге есірткіні қайдан алғанын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел іс-шаралар жүргізу барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қаратау ауданы Полиция басқармасының учаскелік инспекторларымен бірге күмән тудырған автокөлікті тоқтатып, оны тексеру барысында капотында екі полиэтилен пакетіне салынған салмағы 200 грамм кептірілген марихуана табылды.
Көлік жүргізушісі есірткіні жергілікті тұрғыннан алғанын және ол есірткі заттарын өз үйінде сақтайтынын айтты. Көрсетілген азаматтың тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде жедел уәкілдер үйдің артқы ауласында жалпы салмағы 600 граммға жуық есірткі затын тауып, тәркіледі.
Полицейлер автокөлік иесіне қатысты есірткіні заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау жайты бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.
Ал есірткі заттарын өткізу жайты ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелді. Заңнамаға сәйкес, ер адамға есірткі сатқан азамат мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кететін ақпарат, осы жылдың төрт айында мегаполис полицейлері заңсыз айналымнан 31 келіден астам есірткі тәркіледі. Есірткі қылмысының алдын алу бойынша жұмыс құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында.