Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас күйде мотоцикл жүргізген тұрғын жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері жүргізуші куәлігінсіз мас күйде мотоцикл басқарған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейд өткізіп келеді. Осындай кезекті рейд барысында түркістандық полицейлер сағат кешкі 21:00 шамасында қала көшелерін патрульдеп келе жатып, “Урал ЗМ66″ маркалы мотоциклін тоқтатады.

Полицейлер көлік иесінің құжаттарын тексере келе, оның 2020 жылы қаңтар айында Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы “Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру бойынша кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады.

Осыған қарамастан жол ережесін бұзған жүргізуші заңсыз әрекетін қайталап, екінші рет мас халде көлік басқарған. Яғни жүргізушіге жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, оның мас халде екені расталды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы “Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру бойынша тіркелді. Жүргізушінің бас шарасы қолхатта.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ішімдік ішіп, көлікке отырмаңыздар деп ескертеді. Одан бөлек жол қауіпсіздігі ережесін сақтап, жылдамдықты асырмай, тиісті заң талаптарын орындауға шақырады. Бірінші кезекте жүргізушілерге өз өмірлеріңізді, бас амандықтарыңызды ойлауға шақырады. Сондайақ үйіңізде жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпауға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру