Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мәжіліс депутаттары есірткіге қарсы күрес мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері есірткіге қарсы күрес мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Депутаттар алдымен Ақмола облысының Аршалы ауданындағы №2 түзету мекемесінің жұмысымен және жазасын өтеп жатқан адамдардың жағдайымен танысты.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті депутаттарының жұмыс сапары одан әрі Қарағанды облысында жалғасты. Кеншілер астанасындағы кездесулер Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығында басталды. Мұнда зорлық-зомбылыққа тап болған отбасы мүшелеріне психологиялық, материалдық және басқа да көмек көрсетіледі.

Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов өңірдегі қылмыстық ахуалдың тұрақты екенін айтып, халықпен етене жұмыс істеуге бағытталған жобалар туралы баяндады.

Халық қалаулылары жұмыс сапары аясында ПД кинология орталығына, әділет органдарына тиесілі сараптама орталығына да ат басын бұрды. Ондағы материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейімен танысып, қызметкерлерімен сұхбаттасты. Соңғы кездері Қарағанды облысында саққұлақтар тек есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуде ғана емес, түрлі ауруға шалдыққан балаларды емдеуге де көмектеседі. Дәрігерлер мұндай терапияның пайдасы зор екенін айтады. Ата-аналар полиция департаментінің осы бастамасына алғыстарын айтуда. Одан әрі депутаттардың жұмыс сапары Қарағанды облысының әкімдігінде жалғасты.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жергілікті билік органдарының есірткі қылмысына қарсы жұмысын одан әрі жоғары деңгейде жалғастыруға әзір екенін жеткізді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшелері келер жылы да кеншілер астанасына келіп, өңір халқымен тағы да жүздессек деген пікірде елордаға қайта оралды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру