Нұр-Сұлтандағы түзеу мекемесінде сотталғаннан гашиш тәркіленді
Нұр-Сұлтандағы түзеу мекемесінде сотталғаннан гашиш тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы ҚАЖ департаментіне қарасты ЕЦ-166/5 мекемесінің режим және жедел бөлімінің қызметкерлеріне келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 4 наурызда аталған мекемеге айдалумен келген Ж. есімді сотталғанды толық тексеру барысында термостың түбінен пакетке оралған үш орама табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша Аршалы кентінің полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылып, алынған орамаларды ашу барысында біріншісінен сұрғылт-жасыл түсті, ерекше исі бар өсімдік тәркіленді. Екінші орамадан Nokia ұялы телефоны және sim-карта тәркіленді, ал үшінші ораманы ашу барысында телефон қуаттағыш табылды.
Бірінші орамадан тәркіленген сұрғылт-жасыл түсті, ерекше исі бар өсімдікке жүргізілген сараптаманың қорытындысы бойынша тәркіленген зат – жалпы салмағы 80,69 грамды құрайтын гашиш екені анықталды.
Жоғарыда көрсетілген жайт бойынша сотталған Ж-ға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өндеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің ЕЦ-166/5 мекемесі бастығының орынбасары А.Сыздықовтың айтуынша, жыл басынан бастап мекеме аумағына тыйым салынған заттарды заңсыз алып кіру жайты бойынша үш дерек анықталған.