Өскеменде жалған нөмір таққан жүргізуші жауапқа тартылды
Өскемен қаласында жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланған жүргізуші анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті Жібек жолы көшесінде тоқтатты. Тәртіп сақшыларының назарын мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір бөлігі скотчпен жабылған Changan көлігі аударған.
Тексеру барысында 25 жастағы жүргізушінің көлік құралын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу белгілерімен басқарғаны белгілі болды. Анықталғандай, бұл нөмір бұған дейін жүргізушінің өзіне тиесілі Toyota автокөлігінен шешіп алынған.
Жүргізушінің айтуынша, ол аталған нөмірді көлікті автосалоннан автожуу орнына дейін жеткізу мақсатында пайдаланған.
Аталған құқық бұзушылыққа байланысты Changan автокөлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Жүргізушіге қатысты "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бабының екі бөлігі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.
Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды.
