Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отбасы тәлімінің жемісі

8-наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайт редакциясы  оқырмандарды құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстырады.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз-Дюсенаева Арай Ноғайқызы. Өнегелі отбасынан тәлім алып, бүгінде Ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Бүгінде нәзік жандыларды полиция қызметінде көру ешкімге де таңсық емес. Өйткені бұл салаға бұрымдылардың көпшілігі жүрек қалауымен, енді бірі тағдырдың жазуымен келеді. Ал, біздің кейіпкеріміз болса, құқық қорғау саласына аға жолын үлгі еткен.

Арай Дюсенаева 1988 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясын үздік бітірген бойжеткен ата-аға ізін жалғастыру мақсатында 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжіне заңгер мамандығына оқуға түседі.
Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 2010 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заңгер мамандығын тәмамдайды.

Қызметте еңбекқор, ізденімпаз, тыңғылықты қасиетімен көптің көңілінен шыққан Арай білімділігі мен біліктілігін одан әрі шыңдай түседі. Оқуды аяқтағаннан бастап 2006-2008 жылдар аралығында Қызылорда қалалық ішкі істер басқарамасының анықтау бөлімінде анықтаушы қызметін, 2008-2016 жылдар аралығында Қызылорда облысының Ішкі істер департаментінің Анықтау басқармасының аға анықтаушысы лауазым қызметтерін атқарады. Ал 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысының Полиция департаментінің Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы болып,қызметін абыроймен орындауда.

Оның осындай қиын да қатерлі жұмысты тыңғылықты орындауына отбасындағы салмақты да салиқалы тәрбиесінің септігі мол. Анасы Айымкүл балаларына үнемі ешкімнің ала жібін аттамауды, өтірік пен өсекке үйір болмауды, адам баласының көз жасына қалмауды насихаттап
отырған. Өсе келе Арай бұл қасиеттерді бойына сіңіріп, өмірлік ұстанымына айналдырады.

Сонымен қатар Ішкі істер саласында 40 жылға жуық қызмет еткен атасы Латиф Дюсенаевтың да бұл саладағы кәсіби кеңесі Арайдың қызметте абыройлы болуына өз үлесін қосқан. 1998-2015 жылдар аралығында Криминалды полиция саласында қылмыспен күрескен бүгінде отставкадағы
полиция подполковнигі ағасы Ержан Кубеновтың өзі сүйген ісінің майталманы болуы және жұмысына адалдығы қарындасының жүрек қалауы болған қызметті абыроймен алып жүруіне септігін тигізеді.
Қызмет пен отбасының берекесін қатар ұстап, шаңырағының ұйытқысы Арай қазіргі таңда отағасымен бірге екі ұл тәрбиелеуде. Жұмысында салмақты, ер адамдарша қайыспас нардай іс тындыратын біздің кейіпкеріміз, ошақ басында – мейірімді ана, аяулы әйел, құрбы-құрдасқа – барынша ашық та шынайы.Ол қызметіне деген адалдығы үшін ҚР ІІМ-нің “Үздік медалі» және 2 дәрежелі «ІІО –ның үздігі» медалі табысталды және 2019 жылы мерзімінен бұрын полиция подполковнигі атағына ие болды.Өзінің адал пейілінің арқасында Арай осы кездің өзінде атақ-шеннен де кенде емес. Оның әскери шені – подполковник. Әңгіме атақта да емес. Мәселенің барлығы – Арай сынды қазақ қыздарының өз отбасы мен қоғам тәрбиесін қатар ала жүріп, сол жолда биік абырой-беделге жетуінде.
«Ішкі істер органдарында 15 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл салада жемісті қызмет ету менің бала арманым. Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алып, бейбіт өмірді қалыптастыруға күш-жігерімді салып келемін. Осы тұста атам мен ағамнан алған өмірлік дағдыларым қызметімді абыроймен атқаруға септігін тигізуде» – дейді Арай Дюсенаева.
Ендеше, атына заты сай Арай  кейіпкеріміздің алар асуы әлі алда, ол бағындырар биіктер де көп.  Талмас қанат, зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру