Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Парламент Мәжілісінің депутаттары Павлодардағы тергеу изоляторында болды

Парламент Мәжілісінің депутаттары Павлодардағы тергеу изоляторында болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қауіпсіздігі аралас АП-162/1 мекемесіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Нұркина, Анатолий Бойчин және Вера Ким келді. Мұнда депутаттар камераларды аралап, жеке құрамның жұмысымен танысып, арнайы контингентпен әңгімелесті.

Қазіргі таңда Павлодар қаласының тергеу изоляторында түрлі сипаттағы қылмыс жасаған 250-ден астам адам қамауда отыр. Олардың барлығы да сот үкімін немесе үкім заңды күшіне енуін күтіп, кейін колонияларға ауыстырылатын күдіктілер мен айыпталушылар.

– Біз мұнда келген адамдарға лайықты жағдай жасауға тырысамыз. Бұл адамдар қылмыс жасағанымен, әлі де адам болып қала береді, біз үшін адамгершілік мәселелерінің маңызы зор, – деп атап өтті мекеме өкілдері.

Изоляторда күніне үш мезгіл тамақ беріледі, сотталғандарға арналған кітапхана, сонымен қатар психологтар адамдармен жұмыс істейтін демалыс бөлмелері бар. Мекеме қызметкерлері қамауға алынғандармен жұмыс істеу кезінде даулы жағдайларды болдырмау үшін аудио-бейне жазба құрылғыларымен жабдықталған. Сондай-ақ, әрбір сотталған терминалға еркін қол жеткізе алады, онда жүгіну немесе шағым қалдыруға болады.

– Жас, сұлу қыздар екенсіңдер, бүкіл өмірлерін әлі де алдарыңда. Әрине, жасаған қылмысы үшін тиісті жаза тағайындалады, бірақ әр адамның түзеліп, жаңа өмір бастауға мүмкіндігі бар. Осы сәтті жіберіп алмаңыз, – деді депутат Айгүл Нұркина әйелдер блогындағы қыздарға.

Өз кезегінде күдіктілер түзеу мекемесінің жұмысына шағымдары жоқтығын айтып, кейбірі өмірден өткен оқиғаларымен бөлісті.

АП-162/1 мекемесінің бастығы Ардак Имангалиев тергеу изоляторының қызметкерлеріне спорт алаңын салу қажеттігін алға тартты. Штаттық кестеге сәйкес мекемеде 109 адам жұмыс істейді, демалысты ұйымдастыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

– Біз міндетті түрде әріптестермен, облыстық мәслихаттың өкілдерімен сөйлесетін боламыз. Бұл мәселе бақылауға алынды, біз көмектесеміз, – деп сендірді депутаттар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру