Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Патрульдік полицейдің қызметтегі бір күні

Патрульдік полиция — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте жүретін қызмет. Олар әрбір шақыртуға жедел әрекет етіп, азаматтардың тыныштығы мен тәртібін сақтауда тәулік бойы қызмет атқарады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органдары жүйесінде еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейтін, алайда жеделдігі мен кәсібилігі азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бөлімшелер бар. Солардың бірі — патрульдік полиция қызметі. Олар көмек қажет болған сәтте оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді.

Талдықорған қаласы патрульдік полиция ротасының қызметкері Баян Әлімхан — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте қызмет атқарып жүрген мамандардың бірі. Мақсатшыл, болашағынан үміт күттіретін ол бала кезінен-ақ өз таңдауын айқындаған. Оның айтуынша, мамандыққа деген қызығушылығы полиция қызметкерлерінің қылмыспен күресі бейнеленген фильмдер мен сериалдардың әсерінен қалыптасқан.

Баян Әлімханның жұмыс күні таңғы сапқа тұрғызудан басталады. Бұл кезде қызметкерлерге табельдік қару беріліп, нұсқама өткізіледі, жедел жағдай мен іздеуде жүрген тұлғалар туралы ақпарат жеткізіледі. Одан кейін патрульдеу бағыттары бөлініп, қызметкерлер бекітілген аумақтарға шығады.

Патрульдік полицияның басты міндеті — қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жол-көлік оқиғасы, жанжал немесе өзге де төтенше жағдай орын алған сәтте олар оқиға орнына бірінші болып жетеді. Тергеу-жедел тобы келгенге дейін тәртіп сақшылары оқиға орнын қоршап, құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтарға қажетті көмекті көрсетеді.

Бұл қызмет тек физикалық төзімділікті ғана емес, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті, жедел шешім қабылдай білуді және кез келген жағдайда дұрыс әрекет етуді талап етеді. Әрбір шақырту — жаңа жағдай, ал онда әр секунд маңызды.

Ауысым соңында қызметкерлер атқарылған жұмысты қорытындылап, талдау жүргізіп, кезекшілікті келесі ауысымға тапсырады.

- Әрбір шақырту — біреудің қауіпсіздігі, біреудің өмірі. Осындай жауапкершілік бізге қызметке бейжай қарауға мүмкіндік бермейді, — дейді аға Баян Әлімхан.

Патрульдік полициядағы қызмет — жай ғана жұмыс емес. Бұл тәуекел мен жауапкершілікке толы, кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап ететін маңызды қызмет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру