Павлодар облысында көлік басқаруға құқығы жоқ азамат жауапқа тартылды
Павлодар облысында көлік басқаруға құқығы жоқ азамат жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері Май ауданы ауылдарының бірінде отын тасымалдаған Opel Ascona автокөлігін тоқтатты.
– Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралдарын басқаруға құжаттары жоқ екені анықталды. Бұдан басқа, автокөлікте орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері басқа автокөлікке тиесілі екені анықталды, – деді Май ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жандос Айтмұхамбетов.
Полиция 37 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) бойынша, яғни басқаруға құқығы жоқ бола тұра, көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жаза қолданып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынғанын нақтылады.
Ал көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша хаттама жасалды, материал процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 24 ақпанынан бастап Павлодар облысының аумағында «Браконьер» профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Айта кету керек, полиция табиғатты қорғау заңнамасын 69 бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде 58 заңсыз аң аулау фактісі, 17 балық аулау ережесін бұзу және 2 заңсыз орман кесу фактісі.
Павлодар облысының полиция департаменті браконьерлік пен биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шара 2023 жылғы 13 наурызға дейін жалғасатынын еске салады.