Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ҚАЖ қызметкерлері сотталған ер адамға ұлдарымен табысуға көмектесті

Павлодар облысында пробация қызметкерлері  отбасыларды біріктіруге көмектеседі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

57 жастағы ер адам Павлодар облысының аудан орталықтарының бірінде тұрады. Көршісінің металл құбырларын ұрлағаны үшін ол үш жылға бас бостандығының шектелуіне сотталған.

– Тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде оның жұмысқа орналасқандығы, жәбірленушіге келтірілген шығынды өтегені анықталды. Жалғыз тұрады. Қылмыс мас күйінде жасалған, қазір ол алкогольді ішімдіктерді ішпейді, заңға бағынушылықты ұстанады, – деп түсіндірді пробация қызметкерлері.

 

– Ер адамның сөзінен Павлодарда тұратын екі ұлы да онымен қарым-қатынасты тоқтатқаны белгілі болды. Бұрын олар әкелеріне қонаққа келіп жүрді, ал соңғы кезде хабар жоқ. Сотталған бұл туралы қатты уайымдады, бірақ өзі ұлдарына барған жоқ, – деді пробация қызметкері Дастан Килибаев.

Пробация қызметкерлері сотталғанның ұлдарымен хабарласып, мән-жайды түсіндірді, әкесі оларды күтіп жүргенін және жақында сырқаттанып қалғанын айтты. Біраз уақыттан кейін сотталған адам тіркеуге келгенде оған алдымен кіші баласы, содан кейін үлкені телефонмен хабарласқанын қуана айтты. Жақын адамдар арасындағы байланыс қалпына келтірілді.

– Қазір біздің есепте тұрған ер адамның кенже ұлы үйленбекші, жақында ол келінді әкесімен таныстырды. Біз оның соңғы кезде қалай өзгергенін көріп отырмыз, келбеті түзеліп, болашаққа жоспар құрып, болашақ немерелеріне әткеншек жасай бастады, – деді Дастан Килибаев.

Пробация қызметі сотталғандардың тәртібі мен жұмысқа орналасуын бақылап қана қоймай, олардың күнделікті өмірде кездесетін кейбір мәселелерін шешуге көмектесетінін атап өту қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру