Шабыттан туған шеберлік
Қылмыстық-атқару жүйесінде тек өз ісінің кәсіби мамандары ғана емес, сонымен қатар елдің мәдени мұрасын сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген бірегей шығармашыл тұлғалар да еңбек етеді. Солардың бірі — Павлодар облысы бойынша ҚАЖД+ға қарасты №45 мекеменің коммутатор қызметінің қызметкері Галина Михеева. Оның қазақтың ұлттық киімдерін тігуге деген әуестігі уақыт өте келе нағыз жоғары өнерге айналған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Галина Михееваның қолөнерге деген қызығушылығы жастайынан бастау алған. Ал кәсіби шеберлік жолы 1984 жылдан бері жалғасып келеді. Көп жылғы тынымсыз еңбектің арқасында ол жас шеберден өз ісінің танымал маманына айналып, оның туындылары театр сахналарын безендіріп, ірі мәдени іс-шаралардың көркіне айналды.

Қауырт қызметке қарамастан, Галина сүйікті ісіне уақыт таба біледі. Әріптестері оны ерекше еңбекқор жан ретінде сипаттайды. Шебердің айтуынша, ұлттық киім — бұл адамның болмысын, тегін танытатын "визиттік карточка".
— Мен үшін киім тігу — тарихтың үзілмес жібін сақтау. Әрбір оюдың өз мәні, өз сыры бар. Әрбір шапан немесе камзолды дайындау барысында осы әсемдіктің ұмытылмауына жауапкершілікпен қараймын, — дейді ол.
Галинаның еңбектері кәсіби ортада бірнеше рет жоғары бағаланды. Ол "Райса" сән театрымен ынтымақтастық орнатып, "Ертіс аруы" сияқты беделді байқауларға қатысып, оның топтамалары ұлттық стильдің үздік үлгісі ретінде танылып келеді.
