Павлодар облысында түнгі уақытта үйден тыс жерде болған жасөспірімдердің 1894 заңды өкілі жауапқа тартылды
Павлодар облысында түнгі уақытта үйден тыс жерде болған жасөспірімдердің 1894 заңды өкілі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешкі уақытта ата-анасы жоқ кәмелетке толмағандар көшеде және ойын-сауық орындарында белгілі бір уақытқа дейін ғана бола алады. Ал заң бұзушылық үшін ата-аналардың да, ойын-сауық мекеме иелерінің де әкімшілік жауапкершілігі қарастырылған.
– Полицейлер кәмелетке толмағандардың қатысуымен құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Жыл басынан бері 1894 заңды өкіл және ойын – сауық орындарының 46 иесі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мысалы, 38 жастағы қала тұрғыны өзінің 16 жасар кәмелетке толмаған қызын түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде, дәлірек айтсақ кафеде заңды өкілдерінсіз жүруіне рұқсат берген.
Анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Кафе әкімшілігі де жауапкершіліктен құтылған жоқ.
Аталған фактіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.