Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында тұрғын үйді пайдалану талаптарының бұзылуы анықталды

Ақсуда "Айқын нәтиже" және "Заң және тәртіп" жобалары аясында полиция мен прокуратура қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шарасы өтті. Іс-шара мемлекеттік тұрғын үйдің мақсатты пайдаланылуын тексеруге бағытталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тексеру барысында әлеуметтік осал санатқа жататын (толық емес отбасы) азаматқа берілген пәтерде заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баламен бірге тұруы тиіс тұрғын үйде бала іс жүзінде тұрмайтыны белгілі болды — ол әжесінің үйінде болған. Ал пәтерде жалға алушының бірге тұратын серіктесі мен 10 айлық сәби тұрған.

Тексеру нәтижесінде серіктесі мен нәрестеде Қазақстан Республикасының жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ азаматтықты растайтын деректердің жоқ екені анықталды. Бұдан бөлек, сәби медициналық мекемеге тіркелмеген. Пәтерде санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаған. 10 айлық балаға арналған бөлек ұйықтайтын орын мен арнайы тағам болмаған, ол қарапайым дүкен сүтімен қоректендірілген. Сонымен қатар тексеру кезінде пәтер иесі орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.

Полиция қызметкерлері әкімшілік шаралармен ғана шектелмей, отбасыға жедел көмек көрсетті. Атап айтқанда, балаға қажетті азық-түлік жеткізіліп, серіктесіне жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге жәрдем берілді. Сондай-ақ сәби медициналық мекемеге тіркелді.

Аталған дерек бойынша тиісті мемлекеттік органдарға хабар беріліп, отбасыны бақылауға алу және әлеуметтік тұрғын үйді пайдалану құқығына қатысты мәселені қарау жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру