Абай облысында бірқатар құқық бұзушылықтың жолы кесілді
"Таза Қазақстан" акциясы аясында Абай облысында 3600-ден астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қоғамдық тәртіп пен экологиялық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында республикалық "Таза Қазақстан" акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Акцияның негізгі бағыттары – елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтау, инфрақұрылым нысандарын қорғау, жасыл желектер мен қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру.
Жыл басынан бері өңір аумағында барлығы 3606 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда:
– абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желектерді жою бойынша 3325 дерек;
– ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты 281 дерек тіркелді.
Құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы анықталып, құқық қорғау органдары тарапынан жедел шаралар қабылданды. Бұл – қоғамдық тәртіпті нығайту мен экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы тиімді тетіктердің бірі.
Абай облысы полиция департаменті тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Халыққа тазалық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық талаптарды орындаудың маңызы кеңінен насихатталуда.
"Таза Қазақстан" акциясы – тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейтін, қоғамда экологиялық сана мен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл – өңірдің көркеюі мен тазалығына әрбір азаматтың үлес қосуына үндейтін ортақ іс.
Абай облысының полиция департаменті тұрғындар мен қонақтарды қоғамдық тәртіп пен тазалық талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қоршаған ортаны ластау, ортақ орындарды бүлдіру, жасыл желектерді жою және абаттандыру қағидаларын бұзу заңмен жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
