Павлодар облысында тыйым салынған тормен балық аулаған азамат ұсталды
Павлодар облысында тыйым салынған тормен балық аулаған азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында құқық қорғау органдары заңсыз аңшылық пен балық аулау, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзу фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік жұмыстар жүргізуде.
Іс-шара барысында полицейлер су айдындарын, жағалау аумақтарын, дала алқаптарын және жануарлар дүниесі нысандарына қатысты заңсыз әрекеттер жасалуы мүмкін өзге де аумақтарды тексеруде. Сонымен қатар азаматтардың аң аулау және балық аулау кезінде белгіленген талаптарды сақтауына, қажетті рұқсат құжаттарының болуына, сондай-ақ заңда көзделген құралдар мен тәсілдерді пайдалануына ерекше назар аударылуда.
– Мәселен, Омаров ауылының маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында полицейлер балық аулау торын пайдаланып, белгіленген талаптарды өрескел бұзған азаматты анықтады. Ол тыйым салынған құралды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Ержан Мурсалимов.
Полиция қызметкерлері аңшылық және балық аулау ережелерін сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салады. Жануарлар дүниесі мен су биоресурстарын заңсыз аулау қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Полиция тұрғындарды табиғи ресурстарға ұқыпты қарап, белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
