Павлодар облысында зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті
Павлодар облысында зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында мектеп-лицейде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өскелең ұрпақтың бойында зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараға Respublica партиясы жанындағы ReWomen әйелдер қауымдастығының өкілдері мен "Әжелер мектебінің" мүшелері қатысты. Кездесу барысында спикерлер оқушылармен ашық пікір алмасып, отбасындағы татулық пен өзара түсіністіктің маңызы, ата-анаға, үлкен буын өкілдеріне және айналасындағы адамдарға құрметпен қарау мәселелерін кеңінен талқылады.
Ақсу қалалық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Аруна Қалиеваның айтуынша, шара барысында оқушыларға республикалық акцияның мақсаты мен міндеттері түсіндіріліп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қиын жағдайға тап болған кезде дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығы жөнінде ақпарат берілді.
Кездесуде "Әжелер мектебі" мен ReWomen әйелдер қауымдастығының өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасылық тәрбиенің, рухани-адамгершілік құндылықтардың, мейірімділік пен өзара құрметтің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар жастардың бойында жауапкершілік, толеранттылық және отбасылық дәстүрлерге құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтып, зорлық-зомбылықсыз қоғам құру – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
