Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының полицейлері 4 мыңға жуық жол ережесін бұзушылықты тіркеді

Павлодар облысының полицейлері “Назар аударыңыз, балалар” жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рейдтердің нәтижесі көрсеткендей, облыс жолдарында жүргізушілердің барлығы бірдей тәртіпке бағынбаған. Осылайша олар жас ұрпаққа үлгі болмай отыр.

– Осы іс-шараның қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары 4 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.

Іс-шара барысында өткелді бұзған 402 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен балаларды ұстау құрылғыларын пайдалану ережелерін елемеген жүргізушілерге 463 әкімшілік хаттама жасалды. Жаяу жүргіншілерді өткізбеген 283 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Мысалы, 26 мамырда Екібастұз қаласында қиылыстың жүру ережесін бұзған 18 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ВАЗ автокөлігі тоқтатылды. Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 594-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Дәл осы күні Павлодар қаласында Toyota автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.

Айта кету керек, аталмыш іс-шара барысында полиция қызметкерлері мектептерде мысалдар арқылы жол қозғалысы ережелері мен заңдардың баптарын, әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық баптар бойынша да түсіндірді. Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілді.  

Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған “Назар аударыңыз, балалар!” жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Дегенмен Ертіс полицейлерінің балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмысы жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру