Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының полицейлері ауыл шаруашылығы техникасын тексеруде

Павлодар облысының полицейлері ауыл шаруашылығы техникасын тексеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаздың соңы – дала жұмыстары, егін жинау маусымы. Осыған байланысты трассаларда, соның ішінде жүрдек жолдарда ірі габаритті комбайндар, тракторлар және басқа да ауыл шаруашылық техникалары жиі пайда болады.

– Ауыл шаруашылығы техникасының, республикалық, облыстық маңызы бар автожолдардағы ауыр жүк көліктерінің, сондай-ақ дала жұмыстарын жүргізу кезінде шалғынды, сүрлеу жолдардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында техниканың бұл түрі ерекше назарда, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Басқа ірі габаритті, ауыр салмақты көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында жүріп өтуін бақылау күшейтілетін болады.
Департаментте көлік құралдары заң талаптарына сәйкес жарық қайтарғыш таңбамен және сыртқы жарық аспаптарымен жабдықталуы тиіс екенін еске салады.

Сонымен қатар ұйымдарда, кәсіпорындарда Жол қозғалысы ережелерін сақтау және ауыл шаруашылығы техникасының заңнама нормалары мен талаптарына сәйкестігі мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

– Агроөнеркәсіптік кешендердің, автокәсіпорындардың және ауыл шаруашылығы мақсатындағы кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ арнайы техниканың иелері қолда бар техниканы егжей-тегжейлі тексеруі қажет. Техниканы, жарық шағылыстырғыш элементтері жоқ көлік құралдарын, белгіленген габариттерден асатын жүгі бар заңсыз қайта жабдықталған техниканы, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелмеген ауыл шаруашылығы техникасын пайдалануға тыйым салынсын. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы техникаларының жүргізушілерін тексеруге, оның ішінде мас күйін тексеруге назар аудару қажет, – деп атап өтті Нұрлан Мәсімов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру