Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер қоян-қолтық ұрыстан бақ сынады

Павлодар облысы полиция департаментінің ARLAN спорт кешенінде ведомство қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан іріктеу жарысы өтті. Бәсекеге облыстың аумақтық бөлімшелерінен құралған жеті команда қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарысты Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орумбаев ашып, полиция қызметкерлерінің жоғары дене дайындығын қалыптастыру мен спорттық рухын нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың тартысты өтуіне тілектестік білдірді.

Жарыс барысында татамиде қызу бәсеке өрбіді. Қатысушылар күш-жігерін, ептілігі мен төзімділігін, сондай-ақ жеңіске деген жігерін көрсетті. Жекпе-жектерді білікті төрешілер бағалады.

Жарыс қорытындысы бойынша өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанғандар қатарында Игорь Белоус, Алибек Үлкенбаев, Әділхан Өміртай, Нығмет Рахимбаев, Ринат Махмутов, Сұлтан Какенов және Талап Сағындықов бар.

– Қоян-қолтық ұрыс – полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге ықпал ететін спорттың маңызды түрі. Бұл спорт тәртіпке баулып, күш, ептілік пен төзімділікті шыңдайды. Қызмет барысында күтпеген жағдайларға тап болған кезде қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру үлкен көмек береді, – дейді жарыс жеңімпазы Талап Сағындықов.

Жарыста жеңімпаз атанған полицейлер қазан айында Павлодар қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатында облыс намысын қорғайды.

Спорттық шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері спорттық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл олардың жоғары дене дайындығы мен кәсіби шеберлігінің айқын көрсеткіші.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру