Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер тұрғындардың түнгі тыныштығын қорғайды

Павлодарда полицейлер тұрғындардың түнгі тыныштығын қорғайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодарда полицейлер тыныштық сақтау талаптарын бақылауды күшейтті. Жыл басынан бері өңірде шамамен 1500 құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, олардың басым бөлігі қырағы көршілердің шағымдары негізінде анықталған.

Кең таралған жағдайлардың бірі Лермонтов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде тіркелді: түнгі сағат 00:30 шамасында көршілер қатты музыканың дауысынан мазасызданып, полиция шақыруға мәжбүр болған. Тағы бір оқиға Максим Горький көшесінде орын алды — көпқабатты үйдің тұрғыны сағат 23:00-ден кейін жөндеу жұмыстарын бастап, бұрғымен жұмыс істеп, көршілердің тыныштық сақтау туралы өтініштерін елемеген.

Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомство өкілдері еске салады: тыныштықты бұзу — айналадағы адамдардың жайлылығы мен жеке кеңістігіне тікелей қол сұғу. Тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға, әсіресе көпқабатты үйлерде көршілердің демалу құқығына құрметпен қарауға шақырады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-тен 10:00-ге дейін шулауға тыйым салынады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру